Официальный сайт Калиоллы Ахметжана
  • Главная
  • Галерея
  • Техника
  • Публикации
  • Купить
  • События
  • О себе
  • Blog
  • Контакты
  • turkwarrior
  • sakawarrior
  • kazak_warrior
Книги      Традиционное вооружение казахов

Новая статья!

Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің қару-жарақ коллекциясы 
 (жауынгерлік қару-жарақтың ресми-ғұрыптық сый ретінде қолданылуы) 

Сый тарту ғұрпы - өте ертеден қалыптасқан дәстүрлердің бірі. Көптеген әлем халықтарында ғұрыптық сыймен алмасу (сый алу және сый тарту) сияқты комуникативтік әрекет әлеуметтік байланыстар жүйесінде маңызды роль атқарды. Сый тартуда сыйдың символдық сипаты мен саяси мәні ескеріліп, сыйдың көлемі мен құндылығы сый тартушының және сый алушының әлеуметтік дәрежесіне сәйкес анықталатын. Көшпелілердің дәстүрлі әлеуметтік құндылықтар жүйесінде сый алмасу комуникативтік әрекеті төрт әлеуметтік  деңгейде – тұрмыстық, туысқандық, сословиелік-феодалдық, мемлекеттік деңгейде орындалып, ерекше әлеуметтік ғұрыппен атқарылып отырды. Тұрмыстық деңгейде сый беру қонақжайлықтың көрінісі болса, туысқандық байланыстардың деңгейінде сый алмасу түрлі туыстық қатынастарды (құдалық, андалық, т.б.) бекітудің рәміздік белгісі болды. Қоғамдағы түрлі әлеуметтік топтар арасындағы әлеуметтік қатынастар деңгейінде ғұрыпталған сыймен алмасу осы қатынастарды тануды белгіледі. Ал әртүрлі елдердің бір-бірімен мемлекетаралық байланыстары деңгейінде сый тарту рәсімі осы елдердің арасындағы белгілі бір саяси және экономикалық қарым-қатынасты көрсетіп, тартылған сыйлар осы қатынастардың нақтылы статусын (саяси тұрғыдан тану, өзара теңдік немесе бағыныштылық, әскери серіктестік және т.б.) анықтады [4, с. 100-106].

Өткен ғасырларда екi мемлекеттiң арасындағы елшiлiктермен жiберiлетiн осындай ресми сыйлардың, түрлі әлеуметтік топтардан атынан әміршіге тартылатын арнаулы сый тартулардың құрамына мiндеттi түрде жауынгерлік қару-жарақ кiретiн. Шығыс және Батыс өнер ескерткіштерінде осылай әміршілерге сыйға қару-жарақ әкеліп тұрған адамдардың бейнелерін көруге болады (1-сурет). Қару-жарақ заттары ресми-ғұрыптық сый ретінде тарту етілгенде жоғары материалдық құндылығы ғана емес, олардың дәстүрлі мәдениетте түрлі әлеуметтік қатынастар мен әлеуметтік статустарды белгілейтін рәміздік сипаты да ескерілді. Мысалы, гүрзі мен бұздығанның жоғарғы әскери билік белгісі ретінде қолданылуы, жақ пен оқтың патша мен халықтың өзара бағыныштылық қатынасын символдауы, семсер мен қылыштың патшаның әскери функциясының белгісі болуы, олардың осы белгілік сипаттарына байланысты патшалық регалиялардың, мемлекеттік рәміздердің құрамына кіруі сияқты ерекшеліктері тарту етілген сыйдың мән-мағынасына негіз болды [2, 93 б.]. Сый ретінде тартылатын қару-жарақ заттары көп жағдайда арнайы тапсырыс бойынша жасалып, жоғары эстетикалық талғаммен орындалып, бай, көркем болып әшекейленді. Бұл заттар қол өнерінің шынайы туындылары, кейбірі өткен ғасырдың нағыз тарихи-мәдени ескерткіштері болды. Уақыт өте келе әміршілердің қазынасының асыл заттары болған бұл сыйлар мен сыйлықтар, мемлекеттің тарихын және оның саяси дамуын көрсететін музейлік заттарға айналып, жеке коллекция түрінде белгілі тарихи музейлердің қорының құрамына кірді, кейде олар қару-жарақтың жеке музейіне де айналды (мысалы, Ресейдің Қару-жарақ палатасы, Лондонның Тауэрдағы қару-жарақ музейі және т.б. сияқты).

Шет мемлекеттермен түрлі саяси-экономикалық қатынастар барысында қазақ мемлекетінің билеушілеріне де ресми, ғұрыптық сыйлар ретінде қару-жарақ заттары тарту етілгені туралы мәліметтер тарихи дереккөздерінде айтылады. Бұрынғы кезде қазақ хандарын ақ киiзге көтергенде, хандық дәреже белгiсi ретiнде олардың белдерiне қылыш байлайтын, кейiн қазақтар орыс боданына өткенде орыстың патшалық администрациясы да, бұрыннан келе жатқан осы дәстүрдi жалғастырып, қазақ хандарын бекiткенде ханның дәреже белгiсi ретiнде оларға әшекейленген алтын қылыш тапсырып отырды. Жүзінің екі жақ бетінде орыс және шағатай тiлiнде кімге, қашан не себепті берілгенін көрсететін арнайы жазуы бар бұл алтын қылыш ханды сайлау рәсімі кезінде оның белiне буылды. Қылыштағы арнайы жазу қазақ хандарының орыс императорына вассалдық бағыныштылығын да бiлдiрді. Архивтік құжаттарда мұндай қылыштар орыс патшасының атынан Кiшi жүз хандығына сайланған Әбiлхайыр ханға, Нұралы ханға (1849 ж), Орта жүзге хан болып бекiтiлген Абылай ханға (1778 ж), Ішкі Орданың ханы болып сайланған Бөкей ханға (1817 ж) да арналып жасалып, оларға хандыққа бекіту рәсімінде тапсырылғаны айтылады [7, с. 211-212,414-416]. Хандыққа тағайындалу кезінде Шерғазы ханға берілген осындай алтын қылыштың басы қазір ҚР Орталық мемлекеттiк музейiнiң қорында сақтаулы.

Кезiнде Бөкей хан, өз әулетiнiң iшiндегi ең үлкенi ретiнде, осындай семьялық реликвиялар мен бағалы сыйлықтарды өз ордасында сақтаған, кейiн олар Хан ордасында Жәңгiр хан ұйымдастырған «Қарулар бөлмесiнiң» негiзiн құрады. Бұл бөлмеде көптеген Шығыс, Батыс қару-жарақтары iлулi тұрған. Жәңгiрдiң сарайында болып осы «қарулар бөлмесiн» көрген орыс авторлары бұл қарулардың iшiнде орыс патшалары - әйел императрицалар Анна, Елизавета, Екатерина II,  императорлар Павел мен Александр I атынан ханның ата-бабаларына сыйлаған қылыштары болғанын жазады [5, с. 152-155]. Жәңгiр хан осы сияқты басқа да бағалы қару-жарақтарды иелерiнен алғызып жинаған. Жеке музейге негіз боларлықтай қару-жарақтардың бұл бай колллекциясы өкiнiшке орай Жәңгiр хан өлген соң із-түссіз жоғалып кетті.

ХVIII-ХIХ ғғ. орыс патшалық администрациясы қазақ сұлтандары мен әскери ақсүйектерін де, көрсеткен қызметіне үшін, әртүрлi қымбат бағалы қарулармен марапаттап отырды. Бұл заттардың ішінде, марапатталған адамның дәрежесіне сәйкес, сауыттар, мылтықтар, тапаншалар және кім, қашан және не үшін марапатталғаны көрсетілген жазулары бар алтын және күміс қылыштар болды. Мысалы, 1827 жылы Ұлы жүз сұлтаны Сүйік Аблайхановқа алтын қылыш, ал баласы Жанқожа сұлтанға күміс қылыш және екі пистолет сыйланды. Ал, 1864 жылы Ұлы жүздiң Албан болысының аға сұлтаны Тезек Нұралиев «Ерлiгi үшiн» деген жазуы бар алтын шашкамен марапатталды [7, с.69,202,618]. Достық белгiсi ретiнде қазақтың хан-сұлтандарына Қытай императорлары, Бұқар әмiрi мен Хиуа хандары да бағалы сауыттар мен қарулар сыйға тартқан.

Қоғамдағы өзгерістерге қарамастан мемлекетаралық саяси қатынастар мен қоғамдағы әлеуметтік байланыстар жүйесінде қару-жарақпен ресми сый тарту дәстүрі қазір де өзінің саяси, тарихи және мәдени мәнін сақтап келеді. Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің қорында еліміздің жеке азаматтарынан, елдегі және шет мемлекеттердегі түрлі қоғамдық және мемлекеттік ұйымдардан, шет ел басшыларының атынан Елбасына сый ретінде тарту етілген көркем жасалған құнды қару-жарақ заттары жеке коллекцияны құрайды (2-сурет). Еліміздің бірінші басшысына тартылған бұл ресми сыйлардың мәні қоғамдық-саяси қатынастардың екі деңгейін қамтиды. Жеке адамдар мен ұйымдардан атынан сыйланған заттар халықтың саяси лидерге деген көзқарасын - оның беделін тануын және оның қайраткерлігін қолдауын көрсетеді. Басқа мемлекеттердің басшыларының, шет елдің қоғамдық, саяси ұйымдарының сыйлары - халықаралық аренада Қазақстанды саяси тұрғыдан тануды, Елбасының халықаралық беделін құрметтеуді айғақтады. Коллекциядағы экспонаттардың барлығы жоғарғы көркемдік деңгейде жасалған дүниелер. Қарулардың көпшілігі әр халықтың ұлттық дәстүрлерінде жасалынған ұлттық қару-жарақ түрлері, біразының жасалған уақыты осы заман, ал бірнешеуінің көп ғасырлық тарихтары бар. Мақалада музей қорындағы Елбасына сый ретінде тартылған барлық қару-жарақ экспонаттарын сипаттау мүмкін  емес, бұл мақаланың мақсатына жатпайды да. Олардың ішінде сипаты мен тарихи, мәдени және мемориалдық құндылығы ерекше мына экспонаттарға ғана тоқталмақпыз.

Зұлпықар қылыш. XVII-XIX ғасырларда Шығыс жауынгерлері қолданған қылыштардың ерекше түрі - зұлпықар қылыш. «Зұлпықар» (арабша Зу-л фикар – «жасын» деген сөз) - Мұхаммед пайғамбар мен Хазрет Әлiнiң (Мұхаммед пайғамбардың немере інісі, әрі күйеу баласы, төртінші халиф Әлі ибн Әбу Тәлібтің) аты аңызға айналған қасиеттi қылышының есiмi. Бұл қылыш Мұхаммед пайғамбардың мұсылмандар басшысы билігінің белгісі ретінде мифологизациалау процесінен өтіп,  Исламның басты киелі символдарының біріне айналды. Тарихи деректер бойынша «Зұлпықар» Мұхаммед пайғамбардың қолына жаңа діннің жауларымен соғыста - 624 жылы Бадр шайқасында әскери олжа ретінде түскен. Кейін Мұхаммед ғалайһиссалам бұл қылышты күйеу баласы Әліге сыйлайды, оның Ислам үшін жасаған даңқты ерліктерімен бірге бұл қылыш та ұлы даңққа ие болды. Аңыз деректер бойынша бұл қылыштың екі жүзі болған. Шығыс бейнелеу өнерiнде Хазрет Әлi қолында осы екi басты қылышы - Зұлпықармен бейнеленедi (3-сурет). Мұсылман дәстүрінде бұл қылыш магиялық күшке ие болған деп саналады. Қазақтардың аңызы бойынша «Зұлпықар» - аспаннан түскен төрт киелі қылыштың бірі. Бұл қылышты қасиеттеу және оған елiктеу барысында Шығыста басының ұшы екі айырылатын қылыш түрi пайда болды да, оны «зұлпықар» деп атады. Шығыста зұлпықар қылыштың екi типіболды: бірінші типінде қылыштың басы тігінен бойынша екiге айырылып жасалса, екінші типінде қылыштың ұшы көлденеңінен екіге бөлініп соғылды. Сондықтан Шығыс өнер ескерткіштерінде Хазрет Әлінің қолында  зұлпықардың осы екі типі де бейнелене береді (3-сурет, 1,2). Мұндай қылыштар Шығыста өте жоғары бағаланғандықтан, зұлпықар қылыштарды қазақтың хан-батырлары да ұстаған. Сонымен бірге, киелі қылыштың есімі ретінде, «зұлпықар» атауы қазақ ауыз әдебиетінде асыл қылыштың эпитеті, теңеуі ретінде де қолданылды. Зұлпықар қылыштар ХVIII-ХIХ ғғ. Индияда, Иранда, Турцияда, Кавказда (Дағыстанда) жиі жасалды.

Музей қорындағы зұлпықар да Дағыстанда (Кубачи ауылында) жасалынған қару. Оның сабына бастап тігінен екіге айырылатын екі бастары бар (4-сурет, 1). Бастарының қайқылығы орташа, жүздерінде біреу ұзын, біреуі қысқалау келген екі сайлар жасалынған. Қылыштың балдағы крест формалы, көлденең ұштары домалақ шар түрінде. Сабы металмен қапталып, сабының ұшы жолбарыстың басы түрінде жасалып, жүзіне қарай иілген. Балдағы мен сабы алтынмен, күміспен жалатылып, қырнау және қарала жүргізу әдістері арқылы көгеріс өрнектермен әшекейленген (4-сурет, 2). Қылыштың қынабы да түгелдей металмен көмкерілген, белге ілуге арналған ілгекті екі құрсауы бар, түбі европалық қылыш қынаптарына еліктеп жасалынған күшейткіш қырлармен соғылған. Қынаптың да беті түгелдей алтынмен және күміспен жалатылып, қырнау және қарала жүргізу әдістері арқылы көгеріс өрнектермен әшекейленген (4-сурет, 3). Қылыштың сабын, балдағын, қынабын бұлай әшекейлеу Кубачи шеберлерінің тұрақты қолданатын көркемдеу әдістері болды [1, с.86-87]. Мұсылман жамағатының басшылары ұстаған киелі қылышқа еліктеуден пайда болған зұлпықар әдетте ел басқарған әмірші, қолбасшыларға арналып дайындалатын. Сипатталып отырған зұлпықар қылышты да Елбасына тарту еткенде оның осы мәні ескерілгені түсінікті.

Жапон самурайының қару-жарағы. Бұл қару-жарақ жиынтығына дулыға, сауыт және екі семсер  кіреді (5-сурет). Дулыға  «судзи-кабуто» деп аталатын типке жатады, төбесі бірнеше жіңішке пластиналардан құралып жасалған. Пластиналардың төменгі жағы жалпақ пластина түріндегі құрсаумен («косимаки») ұстатылған, үстіңгі жағында ортасы тесік төбелдірікке («тэхэн») бекітілген. Дулығаның маңдай алдында сөре темір («мабидзаси») бар. Сөре темірге жарты ай бейнесіндегі әшекей («маэ-датэ») және айыру белгісі – жалауша («сасимоно») бекітілетін түтікше орнатылған. Дулығаның төменгі жиегіне көк түсті жібек баулармен байланған 5 темір пластиналардан құралған желкелік («сикоро») ілінген. Дулығаның алдында жауынгердің бетін қорғайтын, адамның мұрны, ауызы мен иегі түрінде жасалған темір томағасы («мэмпо») бар, оның ішкі жағы қызыл лакпен жабылған. Томағаның мұрын бөлігі бөлек алынып салынады, мұрнының астына қылдан мұрт жапсырылған. Томағаның астыңғы жағына 4 пластинадан теріліп жасалған мойынқорғағыш («едари-какэ») ілінген.

Сауыт самурай сауытының («мару-до») деп аталтын түріне жатады. Жапондарда сауыттың бұл түрі ХVIII-ХIХ ғасырларда қолданылған болатын [13, с.88]. Дулыға мен сауыт та сол кезеңге жатуы мүмкін. Сауыт бірнеше бөліктен: иықтықтан, жеңседен, кеудені қорғап тұратын кирасадан, белдемшеден, тізеліктен, балтырлықтан тұрады. Кеудені қорғайтын кираса «до» ұзын темір пластиналарды көк жібек баумен теріп жасалған екі бөліктен – арқалық және кеуделік бөліктен құралған, олар оң жақта топсамен қосылған, сол жақта баумен байланады, иықта темір таспалармен жалғасады. Кирасаның астыңғы жағында матадан тігілген етегі бар, асты бөз матадан, тысы өрнекті жібек матадан тігілген, етегінің астарына кіреуке өрімі салынған. Кирасаның арқалығында самурайдың әулеттік гербі салынған тудың сабы орнатылатын түтікшесі болған, оның тек астыңғы бекітпесі ғана сақталыпты. Иықтықтар («о-содэ») жеті ұзын темір пластиналардан, көк жібек баумен теріліп жасалған, астыңғы жағында матадан тігілген астарлығы бар, кирасаға ұшы шашақты қызыл жібек баулармен байланады. Жеңселер («котэ») бірнеше қабат матадан ұзын жең түрінде тігіліп, сыртынан арасына кішкентай темір пластиналар тоқылған кіреукелі өріммен күшейтілген. Белдемше («гэссан») бес ұзынша пластиналардан жібек баумен теріліп жасалып, белге тағылатын жіңішке белдікке байланған жеті бөліктен тұрады, белдікте бірнеше ағаш түймелер байланып, сол түймелер арқылы белдемше қосымша кирасаның астындағы ілмекбауларға түймеленеді. Аяқтың санын қорғайтын тізелік («хайдатэ») жеңсе сияқты бірнеше матадан тігіліп, белдемшеден шығып тұратын төменгі жағына жібек баумен жіңішке төртбұрышты темір пластиналардың бес қатары бекітілген. Тізелік санға түймемен түймеленіп, белге таспабаумен байланады. Балтырлық («сунэатэ») кіреуке шығыршықтармен қосылған жіңішке темір пластиналарды мата астарлыққа бекіту арқылы жасалған, балтырға байланатын екі таспабаулары бар. Жапон дәстүрі бойынша сауыттың қорғанысын құрайтын темір пластиналардың беттері қара лакпен жабылып, ескі сауыттардың көбе терімін имитациялайтын қырлар салынған. Иықтықтардың беттері ғана алтын бояумен боялған. Осы жауынгерлік жарақ құрамына самурайдың дәстүрлі атрибутына айналған қос семсер («дайсе») - ұзын семсер («катана») және қысқа семсер («вакидзаси») қосылған [13, с.19]. Бұл семсерлерді самурай беліне қыстырып тұрақты алып жүрген, олар сауыт, дулығамен бірге самурайдың биік әлеуметтік статусының символы болды. Дәстүрлі ғұрыптық сый-тартуларда да олар осы мәнде қолданылды.

Абылай сұлтанның қылышының сынығы. Бұл орыс патшасының тарапынан Абылай сұлтанға сыйға берілген қылыштың басының сынығы – сабы жағының жарты бөлігі. Қылыштың ұшы жағындағы екінші жартысы сынып жоғалған. Сақталған қылыш болатының сол жақ бетінде алтын қақтау әдісімен орыс тілінде жазылған «Божиею Милостью Елизавета первая императрица и самодержица Всероссийская пожаловала сею саблю подданного своего киргись-касацкого Аблая солтана за его върную службу в Санкт-Петербургъ 1758 года» деген жазу бар. Екінші оң жақ бетінде сол әдіспен шағатай тілінде араб жазуымен сол мазмұнды жазу жазылған (6-сурет).

Абылайдың әлі сұлтан дәрежесінде жүрген кезінде бұл қарумен марапатталғаны туралы мәліметтер архивтік құжаттарда сақталған. Сондай құжаттардың бірінде 1758 жылы 27 мартта, орыс императорының жарлығына сәйкес Сыртқы істер коллегиясы қазақ ханы Нұралыға, оның інілері Ералы және Айшуақ сұлтандарға, Орта жүздің сұлтаны Абылайға «Божиею милостию Елисавета первая, императрица и самодержица всероссийская пожаловала сею саблею подданного своего киргис-кайсацкаго (марапатталған адамның аты көрсетiледi) солтана за его верную службу. В С.-Петербурге, 1758-го г.» деген жазулары бар алтын қылыш сыйға тартты делінген [7, с. 247,248; 8, с. 113]. Сыртқы істер коллегиясының анықтамасы бойынша 1758 жылдың 29 январьдағы құпия кеңесші Неплюев пен генерал-майор Тевкелевтің ұсынысына сәйкес жасалған, бағасы 120 рубль қылышты, орысша және татарша жазуларын жазып Орта жүздің сұлтаны Абылайға  жіберілген [7, с. 551]. Ш.Ш.Уәлиханов Елизавета патшаның атынан Абылай сұлтанға сыйланған осы қылыш кейін 1876 жылдың августында С-Петербургке  ориенталистердің көрмесіне Ақмола обылысы, Көкшетау уездерінен Абылай ханның немересі аға сұлтан Шыңғыс Уәлиханов жіберген заттардың ішінде болғанын жазады [3, с.242-243]. Абылай хан ұстанған бұл жәдігерді 2004 жаңа жылдың алдында, белгілі тарихшы Ермухан Бекмахановтың қызы, Нурия Ермухановна Бекмаханова Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа тапсырған болатын. Кейін Президент оны музейге өткізген.

Бөлек батырдың дулығасы. Дулыға сфераконус формалы болып келген, төбесі екі бөліктен құралып жасалған да, жіктері жіңішке темірмен жабылған, маңдай алдында қаруқағар сөре темірі және көзді қорғайтын пластинасы бар. Дулығаның төбелдірігі күмбез формалы болып жасалып, қақтау әдісі арқылы алтынмен жабылған да, қырнау әдісі арқылы өсімдік сипатты ою-өрнекпен және қызыл, жасыл таспен әшекейленген. Төбесін құраған пластиналарының жігін жауып тұратын жіңішке пластиналар да, маңдайындағы қаруқағары да осылайша көркемделген. Төбелдірігінің ортасында дәреже белгілерін тағатын ұзынша түтікше орнатылған (7-сурет, 1-3). Дулығаның жиегінде бастары алтындалған қайырма шегелермен кезінде матадан жасалған мойынқорғағыш ілінген.

Дулығаның мойынқорғағышы бес бөліктен: желкеліктен, екі құлақтықтан және екі мойындықтан (иектің астында байланып мойынды қорғайтын) тұрады. Матаның тозуына байланысты мойынқорғағыш қазір дулығадан түсіп бөлек қалған (7-сурет, 4). Бір құлақтық бөлігі жоғалған. Дулығаның мойынқорғағышы әртүрлі матадан бірнеше қабатталып тігілген. Сыртқы беті қара көк жібекпен тысталып, ішкі жағы сары оюлары бар жасыл түсті бөз матамен астарланған, қатты болу үшін арасына кенеп және көгілдір сұр жібек салынып тігілген. Астарының ішінде  қалыңдығы 0,1 см темірден кесіліп жасалынған, матаға қайырма шегелермен бекітілген төртбұрышты металл пластиналардан құралған жасырын қорғанысы бар. Шегелердің бастары мойынжапқыштың сыртына шығып тұратындықтан көркемдік үшін барлығы алтындалып жасалған. Қазір сыртының қапталған матасы (қара көк жібек мата) түгел дерлік жоғалған, қалдықтары тек шеге бастарының астында ғана сақталып қалыпты. Астарлық маталардың да әбден тозығы жеткен. Мойынқорғағыштың әр бөлігіне қорғағыш пластиналардың әртүрлі типтері мен әртүрлі көлемі қолданылған. Желкеліктің пластиналары ірілеу, мойындық бөліктің пластиналары жіңішкелеу болып келеді. Кигенде басқа жұмсақ болу үшін дулығаның ішінде мақта салып сырылған телпегі бар (7-сурет, 5).

Формалық-типологиялық тұрғыдан қарастырсақ бұл дулыға XVIII-XIХ ғасырларда кең қолданыста болған манчжур-тибеттік дулығаға жатады. Бұл типті дулыға (тонгкуи) XVIII-XIX ғасырларда манчжур династиясы кезінде Қытайда, Тибетте және Монғолияда кең тараған болатын. Бұл дулығаның салтанатты варианттарында төбесі күрделі өрнекпен және діни жазулармен әшекейленді. Дулыға иесінің әлеуметтік дәрежесіне сәйкес төбелдірігінің түтікшесіне құстың қанаттарынан жыға орнатылып, одан төмен жібек жіптен немесе аттың қылынан қызыл шашақ тағылды. Тибет және қытай шеберлері жасаған осындай дулығалар үлгілері әлемнің көптеген музейлерінің коллекцияларында (мысалы, Ресейдің Қарулар палатасында, Шығыс халықтарының өнері музейінде, Эрмитажда және т.б.) кездеседі. Біздің елімізде мұндай типтегі дулыға ҚР Орталық мемлекеттік музейінің (ҚР ОММ) коллекциясында бар. Қытайда, Тибетте және Монғолияда мұндай үлгідегі дулыға матадан тігіліп, астарында жасырын қорғағыш металл пластиналармен күшейтілген жұмсақ сауыт түрімен бірге киілді. Сипатталып отырған дулығаның жасалу уақыты XVIII ғасыр деп тұжырым жасауға болады, көркемделуінде алтын мен асыл тастардың қолданылуы дулығаның биік әлеуметтік, әскери статусы болған адамға арналғанының айғақтайды. XVII-XVIII ғасырларда жоңғар әскерінде қытай (манчжур) және тибет қару-жарағы кең қолданыста болды. Ресей музейлеріндегі монғолдардың манчжур-тибеттік типті дулығалары да кезінде ойрат (жоңғар) әміршілерінен мәскеу патшаларына сый ретінде түскен болатын. Сондықтан алғашқыда бұл дулыға жоңғар әскербасысының дулығасы болған деп санаймыз.

Соңғы уақытқа дейін бұл дулыға Бөлек батырдың ұрпақтарында сақталып келді. Бөлек Қараұлы (1700-1785) Шапырашты тайпасының Асыл руынан шыққан батыр, XVIII ғасырда қазақтардың жоңғар агрессиясына қарсы күреске белсенді қатысушылардың бірі. Наурызбай батырдың әскери қосынында мыңбасы болып, 1729 жылы атақты Аңырақай шайқасына қатысып, соғыс алдында өткен қазақ және жоңғар батырларының жекпе-жегінде жоңғардың атақты батырын жеңген [10, 2 т., 406 б.]. Жоңғар әскербасысының дулығасы Бөлек батырдың қолына осындай бір жеңістерінің нәтижесінде әскери олжа ретінде түскен болу керек. Көшпелі халықтардың әскери дәстүрінде майдандағы жекпе-жекте жеңіске жеткен батыр жеңілген қарсыласының атын және қару-жарағын иеленуге құқылы болды. Елдің азаттығы үшін күрескен батырдың қазіргі ұрпақтары бұл затты ата-бабалар аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген бүгінгі Қазақстанның Тұңғыш Президентіне арналған мұражайға 2005 жылы тапсырған болатын. Кезінде біз бұл дулығаны зерттеп, оның басқа музейде сақталған аналогтарына және манчжур-тибет дулығаларының жасалу мен көркемделу дәстүрлеріне сүйене отырып, зерттеу нәтижелерін негізге алып дулығаның бұрынғы сипатын толық қалпына келтірілген жаңғыртпасын жасаған болатынмыз (7-сурет, 6)[ 9, 15-23 бб]. Халқымыздың тәуелсіздігі үшіне күрескен Абылай сұлтанның қылышы мен Бөлек батырдың дулығасын олардың ұрпақтарының Елбасыға тарту етуі - сол арманды іске асырып отырған оның еңбегін жоғары бағалауының белгісі.

Елбасына ресми сый ретінде сыйланған, зор мәдени-тарихи құндылықтары бар, елімізде өтіп жатқан тарихи процестің дамуын көрсететін тарихи дерек сипатына ие болған, кейбірі тарихи қайраткерлердің есімімен байланысты болғандықтан мемориалдық мәні де бар қару-жарақ заттарының бұл колллекциясы әлі де толыға беретіні сөзсіз. Болашақта осы коллекцияның негізінде жеке қару-жарақ музейі қалыптасып жатса тамаша болар еді.
Қолданылған әдебиеттер

1.      Аствацатурян. Э. Оружие народов Кавказа. История оружия. - М.: Хоббикнига. 1995. - 192 с., ил.
 2.      Ахметжан К.С. Қазақтың дәстүрлі қару-жарағының этнографиясы. – Алматы: Алматыкітап, 2006. 
 3.      Валиханов Ч.Ч. Собрание сочинений. В 5-ти томах. [Редкол: А.Х. Маргулан и др.]. Т. 4. – Алма–Ата: Издательство Академии наук Каз ССР, 1968. 
 4.      Жуковская Н.Л. Категории и символика традиционной культуры монголов. – М.: Наука, 1988. 
 5.      Зиманов С. З. Россия и Букеевское ханство (1801-1845 гг.) - Алма-Ата: Издательство «Наука» Казахской ССР, 1982. 
 6.      Ислам. Энциклопедический словарь. – М.: Наука, 1991.
 7.      Казахско-русские отношения в ХVI-ХVIII веках: (Сборник документов и материалов). - Т.1. – Алма-Ата: Издательство Академии наук Казахской ССР, 1961.
 8.      Касымбаев Ж.К. Государственные деятели казахских ханств (ХVIII в.). – Алматы: Білім, 1999.
 9.      Қазақстан музейлері/Музеи Казахстана. Мәдени-танымдық және ғылыми-әдістемелік журнал. 2007. №1. 
 10.   «Қазақстан». Ұлттық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ эниклопедиясының» Бас редакциясы, 1999.
 11.  Мифы народов мира. Энциклопедия в двух томах. Т. 1. - М.: Советская Энциклопедия, 1991. 
 12.  Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи (XVII-XVIII вв.). – Алма-Ата: Гылым, 1991. 
 13.  Носов К.С. Самураи: эволюция оружия. – М.: Эксмо, 2010.
 14.  фон Винклер П. Оружие. Руководство к истории, описанию и изображению ручного оружия с древнейших времен до начала XIX века. - М., 1992. 
Ахметжан Қалиолла Саматұлы,
 этнограф-қарузерттеуші,
 тарих ғылымдарының кандидаты,
 Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі.


 

Читайте статьи:

  • "Шиден бейне тоқыған суретшi"
  • "Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті музейінің қару-жарақ коллекциясы"

Список статей

Статьи в газетах, журналах и научных сборниках:
1.   Ер қаруы -бес қару. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1992. №39. 5-б.
2.   Бояулар да байлығымыз. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1992. №42.
3.   Найзасын ұзын саптаған. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1992. №44. 5-б.
4.   Атадан қалған ақсауыт. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1993. №7. 5 б.
5.   Ел ерсiз, ер киесiз болмас. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1993. №16. 4-5 б.
6.   Тамырынан шабылған. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1993. №24.
7.   Аяқтон, сақсыр, шалбар, тiзеқап. - Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1993. №33.
8.   Арғымақ, қазанат және басқалар. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1993. №50. 5 б.
9.    Дәстүрге дәлдiк жарасар. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1994. №11.
10.Кiм екенiңдi бiлейiн, киiмiңдi көрсетшi. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1994. №14.
11.Отарлау заманының бейнелеу өнерi. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1994. №23.
12.Бейнелеу өнерiне бедерлi тiл керек. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1994. №25.
13.Үш жұмбақ дүние. Самұрық пен айдаhардың мәңгiлiк айқасы. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1994. №5. 2-3 б.
14.Үш жұмбақ дүние. Самұрық пен айдаhардың адамға айналуы. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1994. №6. 2-3 б.
15.Үш жұмбақ дүние. Темiр денелi рухтардың пайда болуы. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1994. №10. 2-3 б.
16.Үш жұмбақ дүние. Қанатты тұлпарлар құпиясы. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1994. №11–12. 2-3 б.
17.Қазақы шапан. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1994. №31.
18.Қауырсын, жыға қадаған. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1995. №2. 5-б.
19.Сынтастағы сурет сыры. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1995. №12. 2-3 б.
20.Ескiлiк киiм. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1995. №19. 
21.Алтын тарақтағы асыл бейнелер. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1995. №29. 6 б.
22.Жеке басқа табынба. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1995. №45.
23.Сөз жаздым хұснихатпен. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1996. №3.
24.Түтастай дүние бар әрбiр гүлде. – Ана тiлi. Тiл және елтану апталығы. 1996. №13.
25.Бағаланбай жатқан бай қазына. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1995. №6. 5 б.
26.Суретiн көре алмассың көп бақпасаң. Абай поэзиясының бейнелiлiгi. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1995. №9.
27.Жараған темiр кигендер («Манас» жырындағы қырғыз батырларының қару-жарақтары). – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1995. №12. 12-13 б.
28.Сақтардан сары алтындай өнер қалған. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1995. №14.
29.Жарасым және қарсылық сыры. Суретшi Жұмақын Қайрамбаев туралы сөз. – Парасат. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi журнал. 1995. №11. қараша. 12-13 б.
30.Бейнелеу өнерiндегi бейқамдық. – Парасат. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi журнал. 1996. №3. наурыз. 19-20 б.
31.Жырақтағы жәдiгерлер. – Парасат. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi журнал. 1996. №11. қараша. 18-23 б.
32.Алтыннан құйылған ару Баян. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1996. №8. 8-9 б.
33.Өлеңi–ою, сөзi–өрнек. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1996. №34.
34.Көне замандағы аңшылықтың бiр сәті.  – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1996. №8. 13 б.
35.Дүниедегi бiлiмнiң жартысы. - Ислам әлемi. Діни-мәдени көпшілік журналы. 1996. №2. 15-17 б.
36.Көне заманғы бейнелеу өнерi. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1996. №. 14 б.
37.Достықтың үлгiсi. – Қазақ елi. Еларалық апталық. 1996. №?.
38.Аруақ азбайды. – Қара жер, көк аспан. Әлем, қоғам және адам ақиқаты. Тәуелсiз басылым. 1996. №2. 2-3 б.
39. Қазақ жастары қалай киiнген. - Жас алаш. 1998. №53, 54, 56.
40.Казахский боевой пояс: реконструкция формы и способа ношения // Вопросы изучения истории и культурного наследия Казахстана / Сост. Кукашев Р. Ш. - Алматы, 1998. -157 с. (91-103).
41.Ер қаруы - бес қару //Ата салтыңды аяла. Қазақ салт-дәстүрлерi туралы таным. / Жинақты құрастырған Н. Ақбаев.  Алматы: Ана тiлi, 1998. – 160 б. (39-45).
42.Атадан қалған ақсауыт // Ата салтыңды аяла. Қазақ салт-дәстүрлерi туралы таным. / Жинақты құрастырған Н. Ақбаев. Алматы: Ана тiлi, 1998. – 160 б. (56-67).
43.Найзасын ұзын саптаған // Ата салтыңды аяла. Қазақ салт-дәстүрлерi туралы таным. / Жинақты құрастырған Н. Ақбаев. Алматы: Ана тiлi, 1998. – 160 б. (45-56).
44.Сурет сыры. – Парасат. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi журнал. 1998. №5. мамыр. 37-39 б.
45.Лашын құстың патшасы, сұңқар құстың төресi. – Парасат. Қоғамдық-саяси, әдеби-көркем және суреттi журнал. 1999. №7. шiлде. 12-14 б.
46.Ә. Қастеевтiң портреттiк өнерi. - Қазақ әдебиетi. 1999. № .
47.Зерцало султана Арыстана Айчувакова // Экономические и политические мотивы расширения колониальной политики царизма в условиях утверждения капитализма в Казахском крае: Межвузовский сборник научных трудов. Алматы. АГУ им. Абая, 1999. - 102 с. (43-60).
48.Талантымен табынтқан қазақ (Суретші Орал Таңсықбаев туралы бір үзік сыр). - Абай. Республикалық тәуелсіз фольклорлық-этнографиялық әдеби -көркем журнал. 1999, № 1(41). 71-74 бб.
49.Байырғы әскери рәміздер // «Түркістан». Халықаралық энциклопедия. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2000. – 656 б. (167-168)
50.История ручного огнестрельного оружия казахов // Валихановские чтения - 6: Сборник научных трудов по материалам   международной научно-практической конференции. Кокчетау, 2001. - 403 с. (140-143).
51.Атрибуция одного рисунка Ч.Ч. Валиханова // Валихановские чтения - 6: Сборник научных трудов по материалам международной научно-практической конференции. Кокчетау, 2001. - 403 с. (375-378).
52.Қазақтың дәстүрлi қару-жарақ атаулары жүйесiндегi табу мен эвфемизмдер жене олардың магиялық мәнi // Қазақ тiлi тарихы мен диалектологиясы / Проф. Б. Әбiлқасымұлының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-теориялық конференцияның материалдары. Алматы: «Арыс» баспасы, 2001. - 314 б. (259-266).
53.Қазақтың дәстүрлі қару-жарақ атауларындағы ежелгі дүниетаным көрінісі // Тілтаным, языкознание. 2002. №4 16-22 б.
54.Қазақ тіліндегі жауынгерлік қару түрлерінің, оның бөліктерінің, элементтерінің халықтық кәсіби атау-терминдері // Тілтаным, языкознание. 2003. №1. 98-109 б.
55.Қазақ дулығаларының типтері мен жасалу технологиясы // Қазақстан музейлері. 2003. № 1. 26-31 б.
56.Жауғаш батырдың қару-жарағы // Қазақ тарихы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. 2003. № 4. 12-18 б.
57.Қазақтардың дәстүрлі қару-жарақ жасауда қолданған материалдары мен және технологиялары // Ізденіс- Поиск. 2003.№ 3. 4-14 б.
58.Жақ пен оқ // Жұлдыз. 2003. № 6. 151-156 б.
59.Қазақтардың қару-жарақ жасауда қолданған дәстүрлі ұзындық және салмақ өлшем бірліктері // Ұлт тағылымы. Ғылыми-педагогикалық басылым. 2003. № 3. 103-108 б.
60.Қазақтың жауынгерлік кесу қаруының типологиясы // Отан тарихы. 2003. № 2-3. 136-145 б.
61.Қай халықтың туы деген қисынды //Қазақстан тарихы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. 2003 №5. 27-31 б.
62.Қазақтың шабу қарулары // Қазақ тарихы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. 2004. №1. 17-25 б.
63.Қазанат (Батырлардың жауынгерлік аттары фольклорлық және бейнелеу өнері деректері бойынша). Егемен Қазақстан. 2004 №163-166. 15 б.
64.Хлудов.Қылқалам. Қазақтар // Егемен Қазақстан. 2004. № 6 б.
65.Қазақтардағы садақ оқтарының жасалу әдістері – көне дәстүрдің жалғасуы мен дамуы (Орталық Мемлекеттік музей қорындағы қазақ жебелерінің бір топтамасын зерттеу нәтижесі бойынша) // Труды Центрального музея: музейное дело, история, этнология, фольклористика, антропология, историография, источниковедение, нумизматика. – Алматы: Ғылым, 2004. – 395 с. (123-135).
66.Қазақтың ату қарулары. – Қазақ тарихы. Республикалық ғылыми-педагогикалық журнал. 2004. № 4.11-16 б.
67.Боевые доспехи в традиционной системе вооружения казахов // Сборник «Снаряжение кочевников Евразии». Материалы Всероссийской научной конференции (с международным участием). Барнаул, 2005.
68.Көшпелi халықтардың шайқас алдында ұрыс шебiн құру әдiстерi. // Рух-Мирас. Казахстанский ежеквартальный культурологический альманах. 2004. № 3. с.26- 39.
69.Қазақ батырларының жауынгерлiк өнерi. // Рух-Мирас. Казахстанский ежеквартальный культурологический альманах. 2004. № 3. с. 39-50.
70.Қазақтың шығыршықты қорғаныс жарақтары // Қазақстан музейлері/Музеи Казахстана. 2005.№1. 29-35 б.
71.Бес қару // «Еліне ұран болған Ер Жәнібек» атты халықаралық ғылыми конференцияның материалдары. 2006. Алматы.
72.Қазақстанды мекен еткен байырғы көшпелі тайпалардың қару-жарақ жасау өнері // Қазақ өнерінің тарихы. 3-томдық. – Алматы: «Арқас», 2006. – 394 б. - Т. 1.  117-137 б.
73.Қоғам дамуының жаңа кезеңіндегі музейлердің әлеуметтік функциялары // «Музей және қоғам» тақырыбындағы «дөңгелек стол» отырысына қатысушылардың баяндамалары жинағы. – Астана: ҚР ТПМ, 2006. –100 б. (13-16).
74.«Дулыға (Бөлек батыр дулығасының атрибуциясы)» // Қазақстан музейлері/Музеи Казахстана. Мәдени-танымдық және ғылыми-көпшілік журнал. 2007.№1. 15-23 б.
75. «Ер аты (батырлардың жауынгерлік аттары, фольклорлық және бейнелеу өнері деректері бойынша). 2007. №1. 23-25 б. №1. 2008№ 41-43
76.Более 30 статей по истории вооружения казахов на казахском языке // «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы /  Бас ред. Ә. Нысанбаев. – Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы. 

Powered by Create your own unique website with customizable templates.